Алматыдағы атыс: күдікті аңшы мылтығымен атқан

Алматыда 54 жастағы күдікті қолынан қаза тапқан полиция қызметкерлерінің есімі белгілі болды. Қалалық полиция департаменті жантүршігерлік оқиға туралы мәлімет берді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ішкі істер министрлігінің ақпараты бойынша, олар Алатау ауданының учаскелік инспекторлары – 39 жастағы полиция майоры Дархан Сүлеев және 33 жастағы полиция капитаны Нұрбол Байғазиев. Сондай-ақ үйдің жаңа иесі де көз жұмды. Марқұм полиция қызметкерлерімен бірге келген. Бұл туралы қалалық полиция департаменті басшысының орынбасары Рүстем Абдрахманов айтты.

Рүстем Абдрахманов, қалалық полиция департаменті басшысының орынбасары:

– Күдікті тіркелген аңшы мылтығымен атқан. Қылмыс жасаған азаматты арнайы жасақ сарбаздары қолға түсірді. Оқиғаның жай-жапсарын әлі де анықтаймыз. Сот орындаушылары заң аясында өздерінің қызметтік міндетін орындаған. Оқиға орны қазіргі таңда қоршалды. Жақын маңдағы тұрғындардың өміріне ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ.