Алматыдағы атысқа қатысты екі қылмыстық іс қозғалды

Кешегі Ақбұлақ шағын ауданында болған оқиға бойынша екі қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оның бірі Қылмыстық кодекстің 99-бабының 2-тармағы – «адам өлтіру» және 380-баптың 3-тармағы – «билік өкілдеріне шабуыл жасау» бойынша. Бұл туралы бүгін брифингте Алматы қалалық полиция департаментінің басшысы Қанат Таймерденов хабарлады. 5 адамды атып өлтірген күдікті қазір абақтыда, тергеу амалдары жүруде. Күдіктінің қаруына қатысты сараптама тағайындалған. Белгілісі, қару күдіктінің өзіне тиесілі, 2008 жылы тіркелген. Полиция департаменті басшысының айтуынша, оқиға орны әлі де қоршауда.

Айта кетейік, оқиғадан қайтыс болған бесінші азаматқа қатысты жаңа дерек тіркелді. Кеше айтылғандай ол сот орындаушының көмекшісі емес, үйдің жаңа қожайынының танысы екені анықталған. Қызмет барысында көз жұмған полиция қызметкерлеріне заңда көрсетілген барлық көмектер көрсетіледі.

Қанат Таймерденов, қалалық полиция департаментінің басшысы:

- Қайтыс болған екі қызметкер бойынша Сүлеев Дархан біздің департаментте 2004 жылдан бері жұмыс істейді. Қайтыс болған Сүлеевтің 5 баласы қалды. Екінші Байғазиев, ол кісі 2014 жылдан бері жұмыс істейді. Екеуі де осы Ақбұлақ шағын ауданының учаскелері. Екінші мына полицейдің екі баласы қалды. Министрлік тарапынан барлық ұйымдастыру жұмыстары атқарылып жатыр.

Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев кешегі Алматыда орын алған оқыс оқиғадан  көз жұмған бес азаматтың отбасына көңіл айтты. Марқұмдардың екеуі Ішкі істер органдарының қызметкері болған. Министрдің «Фейсбуктағы» парақшасында «Полиция майоры Дархан Сүлеев пен полиция капитаны Нұрбол Байғазиев өз жұмыстарын адал атқарып жүрген қатардағы қызметкерлер еді. Дархан Сүлеев ішкі істер саласында 18 жыл қызмет атқарса, Нұрбол Байғазиев 7 жылдан бері сапта қызмет етіп келді. Оларды әріптестері қызметіне адал, достыққа берік, жүрегі үлкен азамат ретінде мәңгі есте сақтайды», делінген.