Түркістан облысында жол апатынан жолаушы көз жұмды: жүргізуші мас болған

Түркістан облысының полицейлері автокөлікті мас халде тізгіндеп, жол-көлік оқиғасын жасаған күдікті азаматты қамауға алды, деп хабарлайды Polisia.kz.

Созақ АПБ-ға Шолаққорған орталық жедел жәрдемінен хабарлама түскен. Онда Шолаққорған-Жартытөбе бағытындағы тас жолының бойында жол-көлік оқиғасы болғандығы туралы көрсетілген.

«Полиция қызметкерлерінің жүргізген тексеру жұмыстарының нәтижесінде аталған жолдың 106-226 шақырымында Daewoo Nexia маркалы автокөлігінің жүргізушісі автокөліктің рөліне ие бола алмай қалып, жолдың оң жақ бетіне шығып кетіп, жол-көлік оқиғасын жасаған. Апат салдарынан бір жолаушы оқиға орнында көз жұмған», – делінген мәліметте.

Ал медициналық сараптама жүргізушінің автокөлік құралын спирттік ішімдік ішіп басқарғанын растады. Полиция қызметкерлері аталған жайтты ҚР ҚК-нің 345-бабы (Алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде көлік құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы) бойынша СДТБТ-ға тіркеді.

Қазіргі таңда күдікті азамат қамауға алынып, тергеу амалдары жүргізілуде.