Павлодарда 20 жастағы қызды жеңіл жүріске салып қойған әйел ұсталды

Әлеуметтік желілерде жүргізілген мониторинг барысында Павлодардың полицейлері жеңіл табыс иелерін анықтады. Олар өздерін ғаламтор арқылы жарнамалап, қаржылай сыйақыға интимдік қызметтер ұсынған. Бұған қоса полицейлер жеңгетайлықпен айналысқан 36 жастағы әйел ұсталды. Оның 20 жастағы қызды жезөкшелікке тартқаны және жеңіл жүрісті қызды 20 мың теңгеге саудалағаны белгілі болды. Енді олар заңсыз әрекеттері үшін сот алдында жауап береді.

Мал ұрлығымен айналысқан Көкшетау қаласының үш тұрғыны Солтүстік Қазақстан облысында ұсталды

Барымташылардың жолын кесу үшін Айыртау аудандық полиция бөлімі бірнеше ай бойы жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізген. Ұрылар өткен жылдың күзінде Қоскөл ауылында қорада тұрған жылқыны ұрлап кетсе, биыл көктем айында жайылымдағы қара малды қолды қылған.

Азат Құсайынов, облыстық ПД Тергеу басқармасы басшысының орынбасары:

- Аталған қылмыстық іс ерекше бақылауда болды. Келтірілген шығындардың орыны толтырылды. Қылмыстық іске қатысты 188,1-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеулер жүргізілуде. 5-тен 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылады.   

БҚО тұрғыны бақша дақылдарының орнына қара сора өсірген

Орал қаласының тұрғыны саяжайда бақша дақылдарының орнына қара сора өсірумен айналысқан. Жедел алдын алу іс-шарасы барысында полиция қызметкерлері 1977 жылы туған қала тұрғынынан 30 түп тыйым салынған өсімдікті тәркіледі. Аталған қылмысқа қатысты ҚР Қылмыстық Кодексінің 300-бабы, 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.

Ақмола облысында алкогольді ішімдік шығаратын жасырын цех әшкерленді

Полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының қызметкерлері заңсыз кәсіпті өркендетіп отырған 57 жастағы тұрғынды анықтады. Ол жалға алынған гаражда спиртті ішімдіктерді құюмен айналысқан. Тексеру барысында 200 литрлік ыдыстарда сақталған 1200 литр спирт, бес литрлік пластик құтылар тәркіленді. Сонымен қатар бос ыдыстар мен өндіріске қажетті құрылғылар табылған.

Қарағанды облысында жоғалған адамдар аман-сау табылды

Құтқару қызметіне Қарқаралыдағы демалыс аймағында үш адамның адасып кеткені туралы хабарлама кешкі уақытта түскен. 1994, 1996 және 1997 жылғы демалушылар орманға серуенге шығып, қайтар жолды таппай адасқан. Өз беттерімен жолды таба алмайтындарын түсінген олар көмек сұрауға мәжбүр болған. Құтқару тобы жоғалған адамдармен телефон байланысын ұстай отырып, олардың шамамен орналасқан жерін анықтады. Іздеуге ТЖД құтқарушылары, полиция және жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері атсалысты. Орманда адасып қалғандар таңғы сағат 5-тер шамасында демалыс аймағынан солтүстік-батысқа қарай 10 шақырым қашықтықтан аман-сау табылды. Адасқандар медициналық көмекке жүгінбеген.