Жамбылда жол апатынан екі адам көз жұмды

Жамбылда ЗИЛ мен жеңіл көлік соқтығысып, өртке оранған, деп хабарлайды Polisia.kz.

23 қыркүйек түнгі сағат 23:15 шамасында Жуалы ауданының Б.Момышұлы және Қошқарата тас жолдарының 24-шақырымында Audi-80 және ЗИЛ-130 автокөліктері соқтығысты. Соқтығысудан кейін автокөліктер өртке оранған. Өрт салдарынан Audi-80 автокөлігінің жүргізушісі мен жолаушысы оқиға орнында көз жұмды.

ЗИЛ-130 автокөлігінің жүргізушісі мен жолаушысы түрлі жарақаттармен Жуалы ауданының орталық ауруханасына жеткізілді. Аталған дерекке қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 345-бабы 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.

Жол-көлік оқиғасының себептері анықталуда, бірқатар сараптама тағайындалды.

ҚР Қылмыстық істер жөніндегі кодекстің 201-бабы негізінде тергеу мүддесінде істің мән-жайы жария етілмейді.