СҚО-да Daewoo Nexia жүргізушісі бір отар қойды қағып кетті

СҚО-да Daewoo Nexia жүргізушісі бір отар қойды қағып кетті: 14 бас мал өлген, деп хабарлайды Polisia.kz.

Есіл ауданы полиция бөлімінің кезекші бөліміне Петропавл-Жезқазған автожолында аудан орталығы Явленка селосының маңында Daewoo Nexia автокөлігінің жүргізушісі бір отар қойды қағып кеткені туралы хабар келіп түскен. 

Анықталғандай, Daewoo Nexia-ның 51 жастағы жүргізушісі 41 жастағы жолаушысымен бірге Петропавл қаласынан Шал ақын ауданына бет алып бара жатқан. Жол-көлік оқиғасы «Мал айдау» жол белгісінің аумағында болған. Салдарынан 14 бас мал өлді. Жүргізуші мен жолаушы аман.

Есіл ауданы ПБ бастығы Ерлік Есләмбеков хабарлағандай, алынған медициналық куәландырудың нәтижесіне сәйкес, Daewoo Nexia жүргізушісі мас емес.

Жол-көлік оқиғасы фактісі бойынша ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 610-бабының 1-бөлігі (Көлiк құралдары жүргiзушiлерінiң жол жүрісі қағидаларын адамдардың денсаулығына зиян келтiруге, көлiк құралдарының немесе өзге де мүлiктiң бүлінуіне алып келген бұзушылығы) бойынша материал жиналды және шешім қабылдау үшін сотқа жіберілді.