Павлодарда спорт мектебінің төбесі опырылып түсті

Павлодар қаласындағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің төбесі опырылып, ортасына түсті. 

Ғимараттың көлденең тұрған екі плитасы бірдей қираған. Оқыс оқиға бокс секциясындағы жаттығу кезінде болыпты. Абырой болғанда, 13 оқушы мен жаттықтырушы далаға шығып үлгерген.

Облыстық спорт басқармасы мамандарының айтуынша, ғимарат соңғы рет 2010 жылы жөнделген. Ал мемлекеттік мекеменің қарамағына 1984 жылы берілген. Оған дейін қойма ретінде қолданылған. Спорт мектебінде 120 бала жаттығады.

Апаттың себеп-салдары анықталып, төбе жөнделгенше, балалар өзге ғимараттарда жаттығатын болды.

Нұрлан Есембаев, облыстық спорт және туризмді дамыту басқармасы басшысының орынбасары:

– Қазіргі уақытта ғимараттың қираған аумағы анықталып жатыр. Оқиғаның себебін арнайы комиссия анықтайды. Оның құрамында жауапты мекеме мамандары кіреді. Зардап шеккендер жоқ. Оқушылар спорт мектебінің басқа залдарында жаттығатын болады. Ғимарат біздің иелігімізге 37 жыл бұрын берілді. Бұған дейін басқа мақсттарда қолданылған.