Ақтөбеде кен орнындағы оқиғаның себебі анықталды

Ақтөбеде кен орнында еңбек еткен бір жұмысшының қаза тауып, тағы бірі жарақат алған жазатайым оқиғаның себебі анықталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Дөң тау-кен байыту комбинатында болған жағдайды тексерген арнайы комиссия оған бірнеше жәйттің әсер еткенін дәлелдеп отыр. Атап айтқанда, жұмыс тиісті талапқа сай ұйымдастырылмаған және қауіпсіздік техникасы сақталмапты. Жалпы жұмыс беруші тараптың кінәлі екені белгілі болды. Екі ай бұрын Хромтау ауданындағы «Тәуелсіздіктің 10 жылдығы» шахтасында жазатайым жағдай болып, бір адам қаза тапқан еді. Ал, ауыр жарақаттанған тағы бір жұмысшы ауруханаға жатқызылды. Олар жарылыс жұмыстары жүретінін білмеген көрінеді.

Еркебұлан Алданов, Мемлекеттік еңбек инспекторы:

- Қазіргі уақытта біз еңбек инспекциясы басқармасынан полиция департаментіне осы оқиға бойынша материал табысталды. Ары қарай енді құқық қорғау органдары сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстарын жүргізуде. Қылмыстық іс қозғалып жатыр қазіргі уақытта. Сонымен қатар осы жазатайым оқиғаға жол берген тұлғаларға тәртіптік жаза қолдану туралы ұсыныс енгізілді.