Қызылорда облысында мақта тиелген жүк көлігі өртенді

Қызылорда облысындағы Самара-Шымкент тас жолында жүк көлігі отқа оранды. Вольво маркалы ауыр автокөліктің тіркемесіндегі 21 тонна мақта толық өртеніп кетті. Жүргізуші Өзбекстаннан Украина еліне тауар тасымалдамақ болыпты. Кенет бүйір айнадан көк түтінді көргенде абдырап өрт сөндірушілерді шақырған. Оқиға орнына жеткен мамандар тілсіз жауды сөндіру үшін үш сағаттан астам уақыт арпалысты. Жылдам әрекет етіп, қызыл жалынды көлік кабинасына жеткізбеді. Адам шығыны жоқ. Өрттің себеп-салдары анықталып жатыр.

Ақтөбеде автокөлік жол жиегіне шығып кетті

Ақтөбе қаласында жеңіл автокөлік жол жиегіне шығып кетті. Видео әлеуметтік желіде тарап, жұрттың түрлі талқысына түсті. Адам өміріне алаңдаған жаяу жүргіншілердің дереу көмек көрсетіп, құтқаруға асыққанын байқауға болады. Оқыс оқиға полиция қызметкерлерінің назарына да ілікті. Қазір тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ал көлік жүргізушісінің жедел жәрдем көмегіне жүгінбегеніне қарағанда зардап шеккендер жоқ.

Алматыда клиент қонақүй қызметіне көңілі толмай шу шығарды

Алматы қонақүйлерінің бірінде мас клиент қызмет көрсету сапасына сын тағып, шу шығарды. Қалалық Полиция департаментінің мәліметіне сәйкес құқық бұзушылық оқиғасы Түрксіб ауданында тіркелген.  Қонақүй қызметінің сапасына көңілі толмаған азамат мекеме қызметкеріне күш көрсетуге талпынып, қабылдау бөлімінің үстелін тепкілеген. Бұзақыға енді бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады немесе 10 тәулікке дейін қамауға алынуы мүмкін.

Алматыда жүк көлігі Toyota автокөлігімен соқтығысып, бір адам қайтыс болды

Екі көліктің де сау-тамтығы қалмаған. Жапон автокөлігіндегі жүргізуші алған жарақатынан оқиға орнында көз жұмды. Полицейлер мен криминалистер жол апатының мән-жайын анықтап жатыр.