Қарағанды облысында бақташы ауылдасын атып тастады

Мас бақташы ауылдасын өлтірді, деп хабарлайды Polisia.kz. 29 қыркүйек күні сағат 18:00 шамасында Қарағанды облысының Қарқаралы ауданында Қ.Аманжолов ауылынан 3 шақырым жерде даладан денесінде оқ жарақаттары бар 50 жастағы азаматтың мәйіті табылды.

– Полиция қызметкерлерімен қылмысқа қатысы бар деген күдікпен ізін суытпай 35 жастағы ауылдың тұрғыны ұсталды. Күдікті сол күні ішімдік ішкен күйде мал бақпақшы болған. Осыған байланысты жәбірленуші оған ескерту жасаған. Осының салдарынан екеуінің арасында сөзге келіспеушілік туындап, соңында ұсталған азамат қарумен жәбірленушіні атып тастаған, – деп хабарлады Қарағанды облыстық Полиция департаментінің бастығы Ерлан Файзуллин.

Аталған факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 99-бабы 1-тармағына сәйкес қылмыстық іс қозғалды.

Полиция қызметкерлері қылмыс қаруын тәркілеген.

Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу амалдары жүргізілуде.