«Астықжан» СО-дағы өрттен 20 жастағы қыз зардап шекті

Елордадағы «Астықжан» сауда орталығындағы өрттен жиһаз цехының 20 жастағы қызметкері зардап шегіп, ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі хабар таратты.

«Өрт сөндіру барысында «Универсал» жиһаз цехының 2001 жылы туған қызметкері зардап шеккен. Қазір ол қыз Травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу институтына жеткізілді, жағдайы орташа дәрежеде», - деп жазылған ресми мәліметте.

Еске салсақ, бүгін таңертең еклордадағы «Астықжан» сау орталығының жиһаз салонынан өрт шықты. Алдын ала ақпарат бойынша бүгін сағат 09: 42-де Нұр-Сұлтан қаласы төтенше жағдайлар департаментінің өрт сөндіру бөлімшелері Әл-фараби даңғылы, 28 мекен-жайы бойынша өрт туралы келіп түскен хабарламаға шұғыл аттанған.

«Өрт сөндірушілер шақыру орнына 6 минуттың ішінде келді. Олар жеткенде «Астықжан» сауда орталығының 3-қабатындағы жиһаз салоны жанып жатқан. Алдын ала ақпарат бойынша зардап шеккендер мен қаза тапқандар жоқ. Қазір елордалық 76 өрт сөндіруші мен 19 бірлік техника жұмылдырылды. Өрт сөндіру орнында өрт сөндіру штабы ұйымдастырылды», - деп жазылған департаменттің дерегінде.