Көкшетауда жеке үйдің шатыры опырылып, бір адам мерт болды

Оқиға өткен түні Баубек Бұлқышев көшесіндегі ескі баспаналардың бірінде болған.

Бұл туралы Ақмола облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі хабарлады. Мәліметке сүйенсек, түнгі сағат 1-ге таяу 1978 жылы салынған үйдің шатыры кенет опырылып, ортасына түскен. Оқиға орнына дереу жеткен құтқарушылар үйінді астынан 1958 жылы туған үй иесінің мәйітін алып шығыпты. Марқұмның мүрдесі қазір сот-медициналық сараптамасына жіберілді. Оқиға орнында құзырлы органдардың мамандары жұмыс істеп жатыр. Бір айта кетерлігі, сол уақытта үйде әжейдің екі бірдей немересі де болған. Абырой болғанда олар басқа бөлмеде жатқандықтан аман қалыпты. Шатырдың құлағаны туралы да солардың бірі хабарлаған.

Асқар Сапаров, қалалық ТЖБ аға инженері:

– Оқиға орнында 2 бірлік техника мен 9 адам жұмыс істеді. Қазір шатырдың нақты неден опырылғаны анықталып жатыр. Мұнымен арнайы комиссия айналысады. Оқыс жағдайдың себебі белгілі болғанда қосымша хабарлаймыз.