Павлодарда өрт сөндіру көлігі мектеп автобусымен соқтығысып, 6 бала зардап шекті

Павлодарда өрт сөндіру көлігі мектеп автобусымен соқтығысты, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz.

Облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, бүгін сағат 14:15-те Елгин мен Щедрин көшелерінің қиылысында «КамАЗ» маркалы өрт сөндіру көлігі «ПАЗ-32053-70» мектеп автобусымен соқтығысқан. Автобус инерциямен тұрақта тұрған «Volkswagen» жеңіл автокөлігіне соғылған. Жол-көлік оқиғасы салдарынан кәмелет жасқа толмаған 6 бала медициналық көмекке жүгінді.

«Тексеріс жүріп жатыр. Сараптамалар тағайындалды» делінген полиция хабарламасында.

Облыстық жедел жәрдем станциясының баспасөз қызметінен мәлім еткендей, шақырту туралы хабар сағат 14:19-да түсті. Екі жедел жәрдем бригадасы оқиға орнына 7 минутта жеткен. Зардап шеккен барлық бала облыстық балалар ауруханасына жеткізілді.