БҚО-да ер адам әріптесін ұрып өлтірді

Петропавлдық полицейлер аса ірі көлемде есірткі тәркіледі. Ал Ақтауда жол бойында, көлік аударылып қалды. Ақсай қаласында ер адам жанжал үстінде жұмыстасын ұрып өлтірді. 

Ақсай қаласында ер адам жұмыстасын ұрып өлтірген. БҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан мәлімет бойынша, ауыр дене жарақатын алған 47 жастағы ер адам көз жұмды. Соңы төбелеске ұласқан жанжал кезінде 49 жастағы ер адам әріптесін аяусыз соққыға жыққан. Бөрлі аудандық орталық ауруханасына жеткізілген зардап шегуші жансақтау бөлімінде қайтыс болды.

Лунара Аманғалиева, облыстық ПД баспасөз қызметінің маманы:

– Айта кету керек, екі ер азамат бірге жұмыс істейді және пәтерді бірге жалға алып тұрған. Қазіргі таңда ҚР ҚК 106 бабы  3 бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүгізілуде.  

ІРІ КӨЛЕМДЕГІ ЕСІРТКІ ЗАТТАРЫ ТӘРКІЛЕНДІ   

Солтүстікқазақстандық полицейлер есірткі қылмысына қатысы бар деген күдікпен Көкшетау қаласының тұрғынын ұстады. 29 жастағы күдіктіден 4 келіден астам есірткі заты тәркіленді. Айғақ заттар оның соңғы үш айдан бері тұрған Новоишимское ауылындағы үйінен табылған. Сот-химиялық тергеу нәтижесі тәркіленген заттардың салмағы 4 келіден асатын кептірілген марихуана және жалпы салмағы 242 грамм гашиш екенін анықтады. Бұл өте ірі көлем болып саналады. 

Руслан Үмбетов, облыстық ПД Есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының аға жедел уәкілі:

– Қазіргі уақытта қылмыстық топтың өзге де қатысушылары мен облыс аумағына есірткі заттарын жеткізу арнасы анықталып жатыр. Негізгі айыпталушыға қатысты ҚР қылмыстық процессуалдық кодексінің 150 бабының тәртібмен қамау, бұлтартпау шарасы қолданылды. Айта кету керек, есіркті заттарын өткізгені үшін 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделген.

ЖОЛ ЕРЕЖЕСІН БҰЗҒАН ЖАСӨСПІРІМ ЖАЗАҒА ТАРТЫЛДЫ

Талдықорғанда жол ережесін өрескел бұзған «Тойота» маркалы жеңіл көліктің иесі жазаға тартылды. Түнгі мезгілде жолдың қарсы бетіне шығып кеткен көліктің видеосы әлеуметтік желіде тараған. Полиция өзге жолаушылардың өміріне қауіп төндірген тентекті тез тапты. Рөлде болған кәмелеттік жасқа толмаған бозбала болып шықты. Автокөлік айып тұрағына қойылды. Ал, жүргізушінің теріс әрекетіне қатысты әкімшілік хаттама толтырылды.  

АҚТАУДА ДЖИП КӨЛІГІ АУДАРЫЛЫП ҚАЛДЫ

Ақтауда джип көлігі жол бойында аударылып қалды. Оқыс оқиға 14 және 9 шағынаудандар аралығында тіркелді. Полицияның мәлімдеуінше, Lada Priora көлігінің жүргізушісі басты жолға шығар кезде «Тойота Прадоға» жол бермеген. Соқтығысу салдарынан зардап шеккендер жоқ. Ереже бұзған ресейлік көліктің иесіне қатысты әкімшілік хаттама толтырылды. Айта кету керек, оқиға барысы көшедегі бейнебақылау камерасына түсіп қалған.