Тайынша ауданында бағалы шаянды заңсыз аулағандар ұсталды

Солтүстік қазақстандық полицейлер аса бағалы саналатын Artemia шаянын заңсыз жолмен аулаған күдіктілерді ұстады. Күдікке ілінген үш адамның бірі Тайынша ауданының тұрғыны. Қалған екеуі Алматы және Шығыс Қазақстан облысынан келіпті. Олар шаянды Мамлют ауданындағы Меңгесер көлінен аулаған. Тексеру барысында олардың ешқандай рұқсат құжаты болмай шықты. Күдіктілерден «ВАЗ» автокөлігі мен аулауға арналған құралдар және 5 қап шаян тәркіленіп, қылмыстық іс қозғалды.

Оралда жаппай төбелесте бір адам зардап шекті 

Оралда дәмханада жанжалдасқандар бір-біріне пышақ жұмсады. Оқыс оқиға Қонаев шағын ауданында болған. Мас  екі ер адам әуелі дәмханада ерегісіп, кейін төбелесті сыртта жалғастырады. Куәгерлер таратқан видеода құлап түскен ер адамды бірнеше жігіттің тепкілеп жатқаны көрінеді. Оқиға орнына жеткен полиция қызметкерлері 37 жасар азаматтың кеуде тұсына пышақ сұғып алған  45 жастағы күдіктіні ұстады. Зардап шегуші бірден облыстық көпбейінді клиникалық аурухананың жарақат бөліміне жеткізілді. Күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.

Қызылордада пәтерден ер адамның мүрдесі табылды

Қызылордада құтқарушылар пәтерлердің бірінен елу жас шамасындағы ер адамның мүрдесін тапты. Кезекші бөлімге хабарласқан куәгерлер Қазантаев көшесіндегі 45 үйдегі пәтер тұрғыны 3 күн бойы есігін ашпағанын хабарлаған. Мекен жайға жеткен құтқару жасағының қызметкерлері 3-қабаттағы пәтердің терезесі арқылы енген. Ол үшін олар арнайы техниканың көмегін пайдаланды. Қазір пәтер тұрғынының неден қайтыс болғанын  анықтап жатыр.

Ақтөбеде есірткіге еліткен жүргізуші қамалды

Ақтөбеде есірткіге елтіген күйде көлік жүргізген такси жүргізушісі қамауға алынды. Тәртіп бұзған күдікті «Автобус» жедел алдын алу шарасы кезінде ұсталды. Құжаттарын тексеру кезінде оның рейс алдындағы техникалық және медициналық тексеруден өтпегені анықталды. Ал әңгімелесу кезінде жүргізушінің жай-күйі күдік тудырған. Медициналық куәландыру қорытындысы жүргізушінің есірткі пайдаланғанын анықтады. Автокөлігі айып тұрағына қойылды. Мұндай жағдайда такси жүргізушісіне 7 жыл мерзімге көлік құралын жүргізу құқығынан айыру және 15 тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алу жазасы көзделген.

Сондай-ақ...