Жамбыл облысында есірткі сатқан елорда тұрғыны ұсталды

Жамбыл облысында есірткі заттарын заңсыз таратумен айналысқан 37 жастағы астана тұрғыны ұсталды.

Тінту барысында жалпы салмағы 16 келі 730 грамм гашиш табылып тәркіленді. Күдікті есірткіні Нұр-Сұлтан қаласына және басқа қалаларға өткізу үшін тасымалдаған. Қазір  аталған факт бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.

Дінмұхамбет Қойториев, Жамбыл облысы ПД ЕҚҚБ бастығының орынбасары:

- Облыстық  Полиция департаментінің қызметкерлері күдіктіні «Қарасора-2021» жедел іздестіру іс-шарасы барысында ұстады. Шу-Қордай автожолында «Хёндэ» маркалы көлігін тоқтатып, тінту кезінде  Нұр-Сұлтан қаласының тұрғынынан есірткі заты табылды. Күдікті кінәсін толық мойындап, қамаққа алынды.