Ақмола облысында мас күйі көлік тізгіндеген таксистер ұсталды

Ақмола облысында мас күйінде көлік тізгіндеген екі бірдей такси жүргізушісі ұсталды. Бұл туралы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Олардың бірі Көкшетауда, ал екіншісі Атбасар қаласында анықталған. Мәселен, облыс орталығында жолаушылар тасымалымен айналысатын компанияның қызметкерін полицейлер жол үстінде тоқтатып, оның ішімдік ұрттағанына көз жеткізген. Нәтижесінде 28 жастағы азамат 15 күнге қамауға алынып, көлік басқару құқығынан 7 жылға айырылды. Ал атбасарлық жүгенсіз жүргізуші такси қызметімен заңсыз айналысқан. Енді ол құжатынан айрылып ғана қоймай, 43 мың теңгеден астам айыппұл төлейді және өмір бойы кәсіпкерлікпен айналыса алмайды. Жалпы жолаушылар тасымалын тексеруге бағытталған жедел алдын алу іс-шарасы барысында жүргізушілер тарапынан 700-дей заң бұзушылық тіркелген.

Әсет Байтеленов, облыстық жергілікті полиция басқармасы бастығының орынбасары:

- Жедел алдын алу шарасы өтіп жатқан 7 күннің ішінде рульде отырып телефон пайдаланудың 100-ден астам жағдайы тіркеліп, техникалық байқаудан өтпеген 70 шақты көлік анықталды. Сондай-ақ 50-ге жуық жүргізушінің сақтандыру полисі болмаған. Тексерістер 13 қазанға дейін жалғасады және барлық тасымалдаушылар қамтылады.