Қарағандыдағы қайғылы оқиғаға кім жауапты?

Қарағандыда экстремалды ойынның соңы қайғылы жағдаймен аяқталды. Қаладағы ғимараттардың бірінің төбесіне шығып, 30 метр биіктіктен секірген әйел жердегі бетонға соғылып, мерт болған. Қазір бұл оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл мерт болған 33 жастағы әйелдің алғашқы секіруі емес. Бұған дейін де бірнеше мәрте бағын сынапты. Сондықтан болар ол еш қаперсіз нұсқаушының бұйрығымен 30 метр биіктіктен төмен қарай құлдилайды, бірақ жерге құлаған.

Бетонға соғылған әйелдің басы жарылып, миына зақым келген. Дереу ауруханаға жеткізіліп, операция жасағанмен, аман алып қалу мүмкін болмады.

Қазір аталған факті бойынша қылмыстық кодекстің 306 бабы 3-ші тармағына сәйкес іс қозғалды. Егер ойынды ұйымдастырушылардың кінәсі толық дәлелденсе 3 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. 

Бақытжан Құдияров, облыстық Полиция басқармасының баспасөз хатшысы:

– Қозғалған қылмыстық істің негізінде полиция қызметкерлері атракцион ұйымдастырушылардың лицензиясы бар болғанын немесе болмағанын, сондай-ақ қауіпсіздік ережелерін сақтау, сақтамау туралы мәселелерін қарастыратын болады. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізілуде.

Облыстық туристік клубтың басшысы Сергей Кистанов роуп-джампингті спорт түріне жатқызуға болмайды дейді. Мұнда бекітілген белгілі бір ереже жоқ. Әркім өз қалауынша ұйымдастыра береді екен. Ең сорақысы, оған қызығушылық танытатындардың қатары жыл сайын көбейіп келеді. Қазір бұл экстремалды ойын түрі елдің түкпір-түкпірінде белең алған. 

Сергей Кистанов, облыстық туристік клубтың басшысы:

– Бізде экстремалды ойынды ұйымдастырушыларға кәсіпкер ретінде лицензия берілуі мүмкін. Бірақ қауіпсіздігін тексеріп жатқан ешкім жоқ. Соның салдарынан осындай қайғылы жағдайлар болады. Адам биіктен секіргенде нақты өлшем керек. Адамның салмағы, арқанның қалыңдығы, ұзындығы ескерілуі тиіс. Ал мұндай қауіпті ойынды ұйымдастырушылар оған бас қатырмайды. Сондықтан бұл жұмысты реттейтін тиісті құжат керек.  

Қайғылы жағдайға себепкер «Fly» командасы соңғы жылдары өздерін әлеуметтік желіде белсенді жарнамалап келген. Биіктіктен секіру құны 5-6 мың теңге шамасында. Қазір олардың жұмысы уақытша тоқтатылды. Ойынды ұйымдастыруға рұқсат құжаттары болды ма, қауіпсіздік ережелері сақталды ма, оны тергеу барысы анықтамақ. 

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Сайран Ақамбаев, Аслан Демесбаев