СҚО-да жеңіл автокөлік 14 қойды басып кетті

«Нұр-Сұлтан – Петропавл» автожолының 370 шақырымында 11 қазанға қараған түні Тайынша ауданы Кременчуг ауылының маңында отар қой ВАЗ 2115 автокөлігінің астына түсті, деп хабарлайды «Хабар 24» Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Көлік жүргізген 36 жастағы Көкшетау қаласының тұрғыны фаралар жарығына кенет жануарлар шыққан сәтте көлігін тоқтатып үлгере алмағаны анықталды. Қақтығыс салдарынан 14 бас мал қырылды. Жүргізуші зардап шеккен жоқ, машина зақымдалған.

Жануарлардың жолдың жүріс бөлігінде болуына жол берген иесіне қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 615-бабының 2-бөлігі бойынша хаттама толтырылды.

Осындай жол-көлік оқиғасы қыркүйек айының соңында Есіл ауданының аумағында орын алды. Полиция қызметкерлері осындай оқиғаларға әкеп соқтыруы мүмкін еркін мал жаю фактілерінің алдын алу бойынша жұмыстар жүргізуде. Мал айдаушыларға да қырағылық таныту керек. Олар жол қозғалысының басқа қатысушылары екендігін естен шығармаған жөн және жазылған қағидаларды орындау қажет. Мал иелері мен бақташылардан жануарлардың жолда кенеттен пайда болуына байланысты апаттық жағдайларды болдырмау жөнінде шаралар қабылдауды сұраймыз. Сондай-ақ, малды жол бойымен айдап өтуді тәуліктің жарық уақытында жүзеге асыру керек, қараңғы уақытта жақындап келе жатқан автомобильдерге фонарьмен немесе алаумен сигнал беру міндетті, – дейді СҚО ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Айдын Байматов.