Оралда мас адам мектеп ауласындағы оқушыларды қорқытты   

Төрткөлде балық аулап жүрген ер адам суға кетті. Нұр-Сұлтан қаласында ломбард сөресінен алтын алқа жымқырған ұры ұсталды. Ал Оралда мас болып, оқушыларды қорқытқан азамат қала халқынан кешірім сұрады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оралда мектеп ауласында арақ ішіп, оқушыларды қорқытқан ер адам қала халқынан кешірім сұрады. Әуесқой түсірілімде 36 жастағы жігіттің қоғамдық орында спирттік ішімдікке сылқия тойып алғандығы байқалады. Ол ішкенімен қоймай, аула сыртынан өтіп бара жатқан жеткіншектің жағасынан жұлқыған. Жүгенсіздікке бой алдырған азаматқа қарсы әкімшілік туралы заңның 3-бабы бойынша хаттама толтырылды. Іс сотқа жолданды.

БАЛЫҚ АУЛАУҒА ШЫҚҚАН ЕР АДАМ СУҒА КЕТТІ

Қарағанды облысында балық аулауға шыққан ер адам суға кетті. Қайғылы оқиға Бұқар жырау ауданындағы Төрткөлде болды. Жағалауда бірнеше адам қармақ құрған. Бірі резеңке қайықпен жүзіп кетіп, кері оралмаған. Бір тәуліктен соң құтқарушылар іздеуге кірісті. Аударылған қайық сол күні көзге түсті. Суға батқан адамның денесі жағадан 600 метр қашықтан табылды.

ЛОМБАРДТАН АЛТЫН АЛҚА ЖЫМҚЫРДЫ

Нұр-Сұлтанда ломбард сөресінен алтын алқа жымқырған ер адам ұсталды. Ол сол жерге досымен еріп барған. Қарыз алу кезінде сөреден шығып тұрған алқаны көріп, қалтасына салады. Кейін басқа ломбардқа өткізеді. Бейнебақылау құралына жазылған кадрді полиция зерттеп, ұрлық жасаған азаматты ұстады. Қолды болған бағалы бұйым кері қайтарылды. Қазір күдіктінің басқа қылмысқа қатысының бар-жоғы анықталып жатыр.

БИ КЕШІНДЕ ҚЫЗДЫ ҰРҒАН АТЫРАУЛЫҚ ЗАҢ АЛДЫНДА ЖАУАП БЕРЕДІ

Атырауда би кешінде қызды ұрып, қашып кеткен жігіт заң алдында жауап береді. Көңіл көтеру орнында таяққа жығылған бойжеткен полицияға арызданды. 26 жастағы тұрғынның басына соққы берген ер адам жайлы мәлімет бейнебақылау құрылғы көмегімен анықталды. Осы дерек бойынша қылмыстық кодекстің 293-ші бабымен іс қозғалды. Оқиғаның мән-жайы тергеліп жатыр.

ҚОНАҚҮЙ АЛДЫНДА КӨЛІК АУДАРЫЛДЫ 

Маңғыстау облысының Бейнеу ауылында қонақ үй алдында жеңіл көлік аударылды. Машина ғимарат алдындағы орындықты басып қалды. Полицейлердің айтуынша, жолда келе жатқан мерседестің алдыңғы дөңгелегі жарылған. Салдарынан жүргізуші рөлге ие болмай, автотұрақта тұрған көлікті соғады. Одан әрі қонақүй қоршауын бұзып өтіп, төңкерілген. Жолаушыларға алғашқы медициналық көмек көрсетілген соң үйлеріне жіберілді. Ал көлік иесіне хаттама толтырылды.