Алматы облысында көлік сатып алуға барған адамды сатушы пышақтады

Алматы облысында көлік сатып алуға барған адам жарақат алды. Оқиға Есік елді мекенінде болды. Жараланған 33 жастағы ер адам жапондық машинаны 10 млн теңгеге саудалаған. Келіссөз соңы кикілжіңге ұласады. 22 жасар қала тұрғыны жәбірленушінің ту сыртына пышақ сұғып, оқиға орнынан қашып кеткен. Жедел іздестіру кезінде күдікті қолға түсті. Осы дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Арыс қаласында есірткі тасымалымен айналысқан ер адам ұсталды

Тінту кезінде салмағы 1,5 келіден астам марихуана тәркіленді. Күдікті қамауға алынып, сараптама тағайындалды. Оның есірткіні  қайдан алғаны тексеріліп жатыр. Жалпы жыл басынан бері Түркістан өңірінде есірткі бизнесіне қатысты 162 дерек тіркелді.

Ақтауда жаяу жүргіншілер жолында баланы көлік қағып кете жаздады

Анасы баласын құтқарып үлгірген. «Тойота Прадо» тізгіндеген келіншек оқиға орнынан ізін суытқан. Арыз негізінде полиция тәртіп бұзған қала тұрғынына заңның 2 бабы бойынша хаттама толтырды. Көлігі айыптұраққа жабылды.

ШҚО-да 60 жастағы адам өрістен сиыр ұрлады 

Шығыс Қазақстан облысы Үлкенбөкен ауылының 60 жастағы тұрғыны ұрлық жасағаны үшін заң алдында жауап береді. Өрісте жайылған сиырды жеңіл көлікке салып алған ер адамды полиция ұстады. Күдікті өз кінәсін мойнына алды. Қылмыстық кодекстің 189-бабымен сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр. 

Маңғыстаулық полицейлер 70 қоғамдық көлікті айыптұраққа жапты

Аймақта 4-13 қазан аралығында өткен «Автобус» жедел алдын алу шарасының нәтижесі осындай. Техникалық ақауы бар көлік құралын рейске шығарған 27 автопарктің өкілдеріне әкімшілік шара қолданылды. Сондай-ақ ереже бұзған 1 мың 512 автобус жүргізушісі түрлі мөлшерде айыппұл арқалады.