СҚО-да 25 жастағы қыздан 33 түйіншек синтетикалық есірткі тәркіленді

СҚО-да полицейлер 25 жастағы қыздан 33 түйіншек синтетикалық есірткі тәркіледі, деп хабарлайды Polisia.kz.

СҚО-да полицейлер мақсатты бағытталған жедел іс-шаралардың барысында есірткі қылмысына күдікті Петропавлдың 25 жастағы тұрғынын ұстады. Ұстау кезінде одан кристалл тәрізді зат салынған 33 полимер түйіншек тәркіленді. Сараптама жалпы салмағы 15,3 грамм «тұз» деген атпен белгілі «альфа-PvP» синтетикалық есірткі екендігін растады.

Қала тұрғыны аса ірі көлемде есірткі сақтағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылмақ. Күдіктіге қатысты күзетпен қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды.

– Айта кететін болсақ, 2019 жылы фигурант қыз үйлердің қабырғаларына интернетте есірткі сататын веб-ресурстардың жарнамаларымен граффити салғаны үшін жауапкершілікке тартылды. Ол кезде бұл әрекеті әкімшілік заңнамамен сараланып, оның айыппұл төлеуіне тура келген. Бүгінгі күні есірткі ресурстарын жарнамалау қылмыс болып табылады. Сонымен қатар, аса ірі көлемде есірткі сақтағаны үшін заңнамамен қатаң жауапкершілік қарастырылған: 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру, – дейді СҚО ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының міндетін атқарушы Иван Терзиди.