Тараз маңында тағы жарылыс болды

Бүгін Тараз қаласының жанында тағы да жарылыс болды.

«Жамбыл облысы Сарыкемер ауылындағы оқдәрі қоймасы аумағында бұрын зақымданған жарылғыш заттарды жару жұмыстары жүріп жатыр» деп хабарлады облыстың полиция департаменті. Ресми дерекке сәйкес, жарылыс кезінде оқдәрі қалдықтары мен бөлшектері жан-жаққа ұшпаған. Оқиға орнына жақын жерде адамдар болмады. Жоспар бойынша жарылыстар бүгін кешкі алтыға дейін жалғасады. Құзырлы органдар тарапынан қадағалау жұмыстары жүргізіліп отыр.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі инженерлік-саперлік бөлімшелерінің күшімен Жамбыл облысының Байзақ ауданында оқ-дәрілер фрагменттерін бақылап жару басталды. Жұмыс күн сайын дүйсенбіден бастап жұма аралығында 13 қарашаға дейін жүргізіледі. ҚР ҚМ баспасөз қызметінің мәліметінше, бұл үшін адамдар жоқ таулы жерде әскери бөлім мен елді мекендерден алыста әскери бөлімнен 12 шақырымнан астам қашықтықта учаске белгіленді.

«Мамандар тобы жергілікті халық пен инженерлік-саперлік бөлімшелер жеке құрамының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін таңдалған жер учаскесін толығымен зерделеді. Жергілікті атқарушы органдары мен жергілікті халыққа жару жұмыстарының жүргізілуі туралы алдан ала хабарланды.

Жамбыл облысы Ішкі істер департаментінің қызметкерлерін тарта отырып, әскери полиция күшімен жару орнының айналасындағы аумақ қоршалды. Жару кезінде дыбыстық әсер болады. Жүргізілетін жұмыстың жергілікті халық үшін қаупі жоқ», – делінген мәліметте.