Алматыда мас жүргізуші адам қағып өлтірді

Алматыда мас жүргізуші адамды қағып өлтірді. Онымен қоймай, оқиға орнынан қашып кетпек болған. Ал Оралда бірнеше ғимарат өртеніп кетті. 

Сенбі күні Түркістан облысында болған ірі жол апатында зардап шеккендер ауруханада ем қабылдап жатыр. Сол күні екі жеңіл көлік соқтығысып, 6 адам қаза тапқан еді.

Қайғылы оқиға Жетісай-Шардара автожолының 172-шақырымында болған. Полиция департаментінің баспасөз қызметі берген мәліметке сүйенсек, «Opel Vectra» автокөлігі жолдың қарсы жолағына шығып кетіп, «Audi-100» көлігіне соғылыпты. Салдарынан екі жүргізуші мен 6 жолаушы көз жұмды.

БӨТЕЛКЕЛЕСІН ПЫШАҚТАП ТАСТАҒАН

Ақмола облысында 45 жастағы ер адамды пышақтап кеткен. Қанды оқиға Щучинск қаласындағы көпқабатты үйлердің бірінде болды. Күдікті оқиға орнынан қашып кеткен. Криминалдық полицейлер, оқиға орнынан саусақ іздерін әшкерелеп, оның кімге тиесілі екенін анықтаған. Нәтижесінде Жақсы ауданының 1992 жылғы тұрғыны күдікте ретінде ұсталды. Ол өз кінәсін мойындап отыр. Айтуынша, пышақталған азамат екеуі бірге ішімдік ішіп, арты жанжалға ұласыпты.

МАС ЖҮРГІЗУШІ АДАМ ҚАҒЫП КЕТТІ

Алматыда көлік жүргізушісі 33 жастағы әйел адамды қағып кеткен. Ол оқиға орнында көз жұмды. Куәгерлердің сөзінше, ол көше бойында такси тоқтатып тұрған. Жолдан шығып кеткен «Хонда» автокөлігі адамды қағып, тоқтамай кете берген. Кейін «Тойота» көлігіне барып соғылады. Бір емес, 3 рет жол ережесін өрескел бұзған 51 жастағы жүргізуші мас болыпты. Оқиға орнынан қашып кетпек болған оны куәгерлер ұстап, полицияға тапсырған.

ЕСКІ ҮЙДЕН ӨРТ ШЫҚТЫ

Оралда 6 пәтерлі үй өртке оранды. Өрт сөндірушілер оны үш сағат бойы сөндірді. Жергілікті төтенше жағдайлар департаменті берген мәліметке сүйенсек, тілсіз жау 250 шаршы метр аумақты шарпыған. Абырой болғанда, тұрғындар аман. Қазір өрттің неден шыққаны және оған кімнің кінәлі екені анықталып жатыр.

Жалпы өткен демалыста Орал қаласында қатарынан бірнеше ғимарат өртеніп кетті.

БЕЙНЕБАҚЫЛАУ КАМЕРАСЫН СЫНДЫРЫП КЕТКЕН

Павлодарда тұрғындар бейнебақылау камераларына тыныштық бермейді. Полицейлердің айтуынша, үйлердің кіреберісіне орнатылған осындай қондырғыларды адамдар жиі сындырып кетеді. Мәселен, Малайсары көшесіндегі 39 үйдің кіреберістерінің бірінде әйел адам қолындағы еден жуатын құрылғысымен бейнебақылау камерасына зақым келтірген.

Жалпы жыл басынан бері осындай бұзалықтары үшін жүздеген адамға айыппұл салынған.