Ақтөбе облысында жол апатынан екі адам көз жұмды

Ағымдағы жылдың 18 қазаны сағат 20.00-де Әйтеке би ауданы Қарабұтақ кентінің маңындағы «Самара-Шымкент» автожолында адам өлімімен жол-көлік оқиғасы болды.

«ВАЗ-2115» автокөлігінің 30 жастағы жүргізушісі қозғалысқа кедергі мен қауіп туындаған кезде көлік құралының толық тоқтауына дейін жылдамдықты төмендетпей, жол-жөндеу жұмыстары жүргізілген учаскеге кіріп кетіп, осы учаскедегі қозғалысты реттеп отырған ЖШС-нің 49 жастағы қызметкерін қағып кеткен. Кейін автокөлік қарама-қарсы бағытта тұрған «FAW» маркалы автокөлікке соқтығысты.

Жол-көлік оқиғасы салдарынан «ВАЗ-2115» автокөлігінің жүргізушісі мен жолаушысы алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды. Екінші жолаушы мен ЖШС қызметкері Әйтеке би ауданының орталық аудандық ауруханасына жеткізілді.

Автожолдың осы учаскесінде жол-жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Аталған факт ҚР ҚК 345-бабы 4-бөлігі (Абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан жол қозғалысы ережелерін бұзу) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді.