Ақтөбеде он үш жастағы қыз бала 20-қабаттан секіріп, қаза тапты

Ақтөбеде 13 жастағы қыз бала көп қабатты үйдің терезесінен секіріп кетіп, көз жұмды. Қайғылы оқиға облыс орталығындағы 25 қабатты тұрғын үйде болған. Хабарлама түскен бойда сол жерге жедел жеткен полицейлер жеткіншектің 20-қабаттағы пәтерлердің бірінен секіргендігін анықтады. 2008 жылы туған қыз жедел жәрдем жеткенше көз жұмды. Қазір жантүршігерлік жағдайдың себептері анықталып жатыр.

Ақмола облысында жол апатынан екі адам қаза тапты

Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі берген мәліметке сүйенсек, «Нұр-Сұлтан – Петропавл» тас жолының 387-шақырымында «Газель» автокөлігі мен «МАN» маркалы жүк көлігі соқтығысып, салдарынан «Газель» көлігінің 29 және 34 жастағы жолаушылары оқиға орнында көз жұмған. Олардың елорда тұрғындары екені анықталды. Ал жүк көлігінің жүргізушісі түрлі дене жарақаттарымен Ақкөл аудандық ауруханасына жеткізілген.

Түркістан қаласында дүкен отқа оранды

Бұл туралы облыстық ТЖД баспасөз қызметі хабарлады. Тілсіз жаудың кесірінен екі қабатты ғимарат толықтай дерлік жанып кеткен. Автокөліктің қосалқы бөлшектерін сатумен айналысатын дүкеннің шамамен 300 шаршы метрін өрт шарпыған. Қызыл жалынды сөндіру үшін құтқарушылар 1 жарым сағаттай күрескен. Ал өртті сөндіруге Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаментінен 37 қызметкер мен 10 бірлік техника жұмылдырылды. Абырой болғанда, қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ.

Қызылордада мас күйінде құжатсыз көлік жүргізген адам ұсталды

Қызылордада мас күйінде көлік жүргізген қала тұрғыны ұсталды. Полицейлер ол мінген көлікті арнайы рейд барысында тоқтатқан. Алдымен оның ішімдік ішкенін анықтаған тәртіп сақшылары кейіннен көлік басқару құжатының да жоқ екенін анықтады. 29 жастағы жігіт былтыр да дәл осындай жауапсыздығы үшін көлік жүргізу құқығынан айырылған екен. Енді ол 20 күнге қамауға алынды.