Бір жасар сәби қаза тапқан жол апатына кінәлі полицей қамауға алынды

Қарағандыда жол апатынан қайтыс болған 1 жасар сәбидің ата-анасы ауруханада жатыр.

Әкесінің миы шайқалған, жағдайы қазір бірқалыпты. Ал анасының бас сүйегі, жамбасы, бірнеше қабырғасы сынып, өкпесіне зақым келген. Әйелдің жағдайы ауыр, жансақтау бөлімінде жатыр.

Еске салсақ, түнде Республика даңғылы мен Дүйсембеков көшесінің қиылысында екі көлік соқтығысып, 1 жасар сәби мерт болған еді. Жол апатына себепкер «Мерседес» көлігінің жүргізушісі полиция қызметкері. Ол жұмысынан үйіне қайтып бара жатып, бағдаршамның сары түсіне өтіп кеткен.

Бақытжан Құдияров,  облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы:

- Аталған факт бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы 3-тармағына сәйкес қылмыстық іс қозғалды. 37 жастағы «Мерседес» автокөлігінің жүргізушісі қамауға алынды. Тиісті сараптамалар тағайындалды, тергеу амалдары жүргізілуде.

 

Қарағандыда көлік апатынан бір жасар сәби көз жұмды