Алматыда жол апатынан жасөспірім қаза тапты  

Ақмола облысында жыл басынан бері мас жүргізушілердің кесірінен 30-дан астам жол апаты болып, 8 адам опат болды. Жамбыл облысында есірткі сатқан қылмыстық топ, Өскеменде пәтер тонаушылар ұсталды.  

Алматы облысында жол апатынан 17 жастағы қыз бала қаза тапты. Оқиға Алматы-Талғар тасжолы бойында, Бесағаш аулының маңайында болған. Алматы облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, жеңіл көлік түн мезгілінде жол жиегінде тұрған жүк көлігіне соққан. Әлеуметтік желіде таралған бейнежазбадан «Фольсваген» көлігінің қатты соққыдан күл-талқаны шыққаны байқалады. Жолаушы қыз оқиға орнында көз жұмса, жүргізушісі ауруханаға жеткізілген.

МАС КҮЙІНДЕ КӨЛІК ЖҮРГІЗЕТІНДЕР КӨП  

Ақмола облысында бір күнде 20 шақты жүргізушінің рөлге мас күйінде отырғаны белгілі болды. Полицейлер рейд өткізіп, құқық бұзғандарды анықтады. Ұсталғандардың үшеуі бұған дейін  көлік басқару құқығынан айрылған екен. Аталған деректерге қатысты қылмыстық іс қозғалды. Жүгенсіз жүргізушілер енді 1 жарым млн теңгеге жуық айыппұл төлейді немесе 90 күнге дейін қамауға алынады. Жалпы жыл басынан бері Ақмола облысында мас жүргізушілердің кесірінен 34 жол апаты тіркеліп.  52 адам жарақат алса, 8 жолаушы қаза тапты.

ПӘТЕР ҰРЫЛАРЫ ҰСТАЛДЫ  

Өскеменде 19 млн теңгенің дүниесін қолды қылған қарақшылар ұсталды. Оқиға қаладағы көпқабатты үйлердің бірінде болған. Жергілікті полицейлердің берген мәліметіне сүйенсек, пәтерлердің біріне таңғы уақытта белгісіз біреулер кіріп, үйдегі бағалы заттарды тонап кеткен. Тәртіп сақшылары дереу күдіктілерді іздестіруге кірісіп, ақырында осы іске қатысы бар деген үш бірдей адамды ұстады. Олардың екеуі өскемендік болса, біреуі Жарма ауданының тұрғыны боп шықты. Ұсталғандар қылмыстарын мойындап отыр. Сондай-ақ, күдіктілердің бірінен пневматикалық қару да тәркіленді. Енді олар бір емес, бірнеше бап бойынша сотталуы мүмкін.

30 КЕЛІДЕН АСТАМ ЕСІРТКІ ТӘРКІЛЕНДІ 

Жамбыл облысының тұрғындарынан 30 келіден астам есірткі тәркіленді. Полицейлер оны 5 адамнан тапқан. Олар «марихуана» есірткілік затын дайындап, оны басқа облыстарға сатумен айналысыпты. 39 бен 51 жас аралығындағы күдіктілердің төртеуі Байзақ ауданынан болса, біреуі Тараз қаласының тұрғыны. Тінту барысында олардан есірткіден бөлек, оны дайындайтын құрылғылар, бірнеше құжатсыз қару мен оқ-дәрілер табылған. Қазір аталған тұлғалар облыс орталығындағы уақытша ұстау изоляторына қамалды.

ТЕМЕКІНІ ЗАҢСЫЗ САТҚАН АЗАМАТ СОТТАЛДЫ 

Шымкентте акцизі жоқ темекі сатқан ер адам сотталды. Оның көлеңкелі кәсіппен айналысып жүргенін Қаржылық мониторинг агенттігі аумақтық департаментінің мамандары анықтаған. Ол шылымның бірнеше түрін заңсыз саудалаған. Құзырлы орган өкілдері одан 15 мың қорап темекі өнімдерін тәркіледі. Заң бұзған азамат қылмыстық жауапкершілікке тартылып, сот үкімімен 1 жылға бас бостандығы шектелді.