СҚО-да құрылыс барысында көз жұмған азаматтың ісі қайта қаралады

Оқыс оқиға Петропавл қаласында болды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Он төртінші қыркүйек күні құрылыс алаңында оқыс оқиғадан жұмысшы қаза тапты. Алайда апатқа кінәлілер жазаға тартылмады. Тіпті туыстарына көңіл де айтпаған. Осыған қатысты журналист орталық коммуникациялар қызметіне келген мамандарға арнайы сауал қойды.

Бас мемлекеттік еңбек инспектор Төлеген Оспанқұловтың айтуынша, бұл жағдайды құзырлы министрлік өз қадағалауына алған. Жұмыс беруші қолданыстағы талаптарды өрескел бұзғаны анықталды. Яғни марқұм келісімшартсыз жұмыс істеген және жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етілмеген.

Төлеген Оспанқұлов, ҚР бас мемлекеттік еңбек инспекторы:

–Арнайы комиссия қайғылы жағдайды өндіріспен байланыстырған. Біз кеше ғана Солтүстік Қазақстан облысындағы еңбек инспекциясымен байланысқа шығып, істі қайта қарау жөнінде тапсырма бердік. Енді ол біздің министрліктің қадағалауында болады. Тиісті тексерістерді жүргізіп, жағдайға әділ баға беріледі.