Ақмола облысында екі көліктің соқтығысуынан бір адам қаза тапты

Ақмола облысында Көкшетау-Қостанай тас жолында екі көлік соқтығысып, 41 жастағы жолаушы көз жұмды, тағы 5 адам түрлі дене жарақатымен ауруханаға жатқызылды, деп хабарлады облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған ҚазАқпарат.

Ведомствоның мәліметінше, жол-көлік оқиғасы «Көкшетау-Қостанай» автожолының 25 шақырымында, яғни Еленовка ауылының маңында болған. Бұл туралы 22 қазан күні сағат 16:15-те Зеренді АПБ кезекші бөліміне хабар түскен.

Анықталғандай, Қостанай қаласына бағыт алған «Volkswagen Golf» автокөлігінің 34 жастағы жүргізушісі (Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны) рульді басқара алмай, жолдың қарсы бағытына шығып кетіп, Қостанай қаласының 55 жастағы тұрғыны басқарған «KIA Sportage» автокөлігімен бетпе-бет соқтығысты.

«Салдарынан алған дене жарақаттарынан «Volkswagen Golf» көлігінің жолаушысы Нұр-Сұлтан қаласының 41 жастағы тұрғыны оқиға орнында көз жұмды. Бұдан бөлек Ақмола облыстық ауруханасына түрлі дене жарақатымен «Volkswagen Golf» автокөлігінің жүргізушісі мен екі жолаушысы, «KIA Sportage» маркалы автокөлігінің жүргізушісі мен жолаушысы жеткізілді», - деді ведомстводан.