Маңғыстауда құбыр қирап, тұрғындар көгілдір отынсыз қалды

Маңғыстауда жеңіл көлік газ құбырына соғылып, салдарынан 16 үй көгілдір отынсыз қалды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оқиға Мұнайлы ауданының Басқұдық ауылында түнгі мезгілде болған. Мас жүргізуші көлік руліне ие бола алмай, көше бұрылысындағы құбырды соққан. Сол жерде өрт тұтанып, «Уаз Патриот» көлігі түгел жанып кетті. Зардап шеккендер жоқ.

Қазіргі таңда бүлінген құбырды қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Полиция департаментінің хабарлауынша, жүргізушіге әкімшілік хаттама толтырылған. Ол 7 жылға көлікті басқару құқығынан айырылуы мүмкін.

Әйгерім Ибатуллаева, МО Полиция департаменті бөлім басшысының м. а.:

– Жүргізушіге ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 608-бабы, 3-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Жол-көлік оқиғасының алдын алу және болдырмау шараларын күшейту мақсатында Маңғыстау облысының полиция қызметкерлері облыс тұрғындарын жолдардағы ерекше жауапкершілік туралы ескертеді.