Қостанайда 93 мың шөлмек жалған алкоголь өнімі тәркіленді

Қостанай облысында рұқсат етілмеген 93 мыңнан астам алкогольдік өнім тәркіленді.

Бұл туралы Қаржы мониторингі агенттігі хабарлады. Экономикалық тергеу барысында анықталғандай, облыстағы қоймалардың бірінің меңгерушісі құрамында спирті бар өнімді белгісіз тұлғалардан сатып алып, кейін оны Қостанайдағы дүкендерге сатқан. Айыпты енді 100 АЕК көлемінде айыппұл төлейді.

Айта кетейік, ел аумағында сатылатын және сақталатын алкогольдік өнімдер міндетті түрде лицензияланған болуы керек.