Жамбылда үш жасар баланы соққыға жыққан ер адамның психикалық ауытқуы бар болып шықты

Жамбыл облысында тапа тал түсте белгісіз біреу үш жастағы баланы аяусыз соққыға жықты. Ал Атыраулық полицейлер өртеніп жатқан үй тұрғындарын қауіпсіз жерге шығарды.

Баланы соққыға жыққан жантүршігерлік жағдай Абай көшесіндегі бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Онда самокатпен кетіп бара жатқан баланы ер адамның шапалақпен тартып жібергені көрінеді. Соққының қатты болғаны соншалық бүлдіршін шалқасынан түсті. Бұнымен тоқтамаған жігіт тағы теуіп жұдырық жұмсады. Осы сәтте араша түскен әйел адам баланы аман алып қалды. Қол көтерген күдікті көп ұзамай ұсталды.

Асылхан Зауырбеков, Тараз қалалық ПБ бастығы:

– Тергеу барысында күдіктінің психикалық ауытқуы бар екені және қазіргі уақытта облыстық психиаторлық ауруханада есепте тұрғаны анықталды. Күдікті ары қарай сот психиаторлық сараптама тағайындалу үшін психиаторлық ауруханаға жатқызылды.

ЖАНАРМАЙ ҚҰЮ БЕКЕТІНДЕ ЖҮК КӨЛІГІ ӨРТЕНДІ

Батыс Қазақстан облысының Үлкен Шаған кентіндегі жанармай құю бекетінде жүк көлігі өртенді. Оқиға орнына жеткен өрт сөндірушілер тілсіз жауды ауыздықтады. Жазатайым жағдайдан ешкім зардап шеккен жоқ. Қазір оттың шығу себептері анықталып жатыр. Ауыр техника Петропавлдан Ақтау қаласына көмір тиеп бара жатқан.

КІСІ ӨЛТІРГЕН ЕКІ КҮДІКТІ ҰСТАЛДЫ

Шу қаласындағы қайғылы жағдайға байланысты екі жігіт қамауға алынды. Олардың үстінен қылмыстық іс қозғалды. 

Айта кетейік, ішімдік ішкен бес адамның арасындағы төбелес жер үйлердің бірінде болды. Сөзге кеп қалғандардың бірі бөтелкелестерін пышақтап тастаған.

ҚҰРЫЛЫСШЫЛАРДЫ ТОНАҒАНДАР ҰСТАЛДЫ

Ақтауда құрылысшыларды тонаған қылмыстық топ ұсталды. Салынып жатқан үйге түнгі төртте баса көктеп кірген олар 240 мың теңге тұратын заттарды ұрлап кеткен. Шақырту орнына жеткен полицейлер жедел іздестіру шараларын жүргізді. Соның нәтижесінде 26 мен 31 жас аралығындағы төрт жігітті қолға түсірді.

ПОЛИЦЕЙЛЕР ӨРТЕНГЕН ҮЙДЕН ТҰРҒЫНДАРДЫ ШЫҒАРДЫ

Атыраулық полицейлер өртеніп жатқан үйден тұрғындарды шығарды. Оқиға түнгі екілер шамасында болған. Қоғам тыныштығын күзеткен тәртіп сақшылары Жансүгіров көшесіндегі баспананың шатыры жанып жатқанын байқаған. Қызметкерлер шұғыл шешім қабылдап, үй иелерін оятты. Олардың қауіпсіз жерге шығуына көмектескен.