Алматы облысында оқушылар жаппай төбелес ұйымдастырды

Алматы облысы Панфилов ауданы Пенжім ауылында оқушылар арасында жаппай төбелес болып, дене жарақатымен бір жасөспірім ауруханаға түсті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алматы облысының Полиция департаменті оқиғаны растап, қазіргі уақытта жағдайдың бақылауда екенін мәлімдеді.

«27 қазан күні Панфилов аудандық орталық ауруханасына Пенжім ауылындағы мектеп аумағынан 16 жасар жасөспірімнің дене жарақатымен келіп түсті.

Тексеру барысында 9-шы және 10-шы сынып екі оқушының арасында ауызша дау-дамай туып, арты оқушылар арасындағы төбелеске ұласқаны және оның салдарынан жасөспірімнің зардап шеккені белгілі болды.

Ауыл азаматтары мен аудан әкімі, ақсақалдар және Алматы облысы ПД бастығы тарапынан кездесулер мен түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Қазіргі уақытта жағдай тұрақты және бақылауда», делінген Полиция департаментінің хабарламасында.

Аталған факті бойынша ҚР ҚК 106-бабының 2-бөлігі негізінде қылмыстық іс тіркелді, жанжалға қатысушылардың барлығы анықталды.

Қазіргі уақытта зардап шегушінің жағдайы тұрақты, оған қажетті медициналық көмек көрсетілді.