Түркістан облысында ең ірі қаржы пирамидасын құрғандар ұсталды

Қаржы пирамидасын құрған 26 адамның үстінен мың томдық қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Күдіктілер «Индиго 24» деп аталатын өңірдегі ең ірі қаржы пирамидасын құрған және соған қатысы бар деп айыпталып отыр. Сыбайластардың әрекетінен еліміздің бірнеше өңіріндегі екі мыңнан аса тұрғын зардап шеккен. Келтірген шығын 3 млрд теңгеден асады. Осы іске байланысты 25 адам қамауға алынды. Олар Нұр-сұлтан, Алматы, Шымкент және Түркістан облысынан. Тағы біреуі іздестіріліп жатыр.

Салтанат Қаракөзова, Түркістан облыстық полиция департаментінің ресми өкілі:

 – ҚР ІІМ арнайы бұйрығымен Түркістан облысы ПД базасында арнайы тергеу тобы құрылды. Ол топқа бес облыстың 30 тергеушісі кірді. Нәтижесінде қылмыстық топтың ұйымдасқаны дәлелденді. Қазіргі таңда осы қылмыстық іс 950 томнан құралған. Айыптау актілері сотқа жолданды.