Қызылордада ақша бопсалағандар ұсталды

Күдіктілер жаз айынан бері Шиелі кентінде орналасқан ойын-сауық орнының меңгерушісінен ақша бопсалаған.

Осы дерекке орай іс қозғалды. Тергеу барысында күдіктілердің жәбірленушілерден бірнеше рет ақша алғандығы белгілі болды. Заңсыз әрекетке барғандарды ұстау кезінде, алдымен 29 жастағы Шиелі кентінің тұрғыны қолға түсті. Кейін аудан орталығынан тағы да үш азамат ұсталды. Олардың барлығы да уақытша ұстау абақтысына қамалған. Тергеу амалдары жалғасып жатыр.

АЛКОГОЛЬ ӨНІМДЕРІН ШЫҒАРАТЫН ЖАСЫРЫН ЦЕХ АНЫҚТАЛДЫ

Шымкентте алкоголь өнімдерін шығаратын жасырын цех анықталды. Ол бұған дейін қаланың дербес көшесінде орналасқан кафелердің бірінде жұмыс істеп келген. Цехты қаржылық мониторинг агенттігінің аумақтық департамент қызметкерлері анықтап, қызметін тоқтатты. Нәтижесінде мыңдаған бөтелке мен құрамында спирті бар 1200 литрден астам сұйықтық тәркіленді. Кейін анықталғандай, цехты 28 жастағы шаһар тұрғыны ұйымдастырған. Қазір осы іске орай тергеу жүріп жатыр. Ал жыл басынан бері қалада 11 жасырын цех анықталды.

ДҮКЕНШІНІҢ ТЕЛЕФОНЫН ҰРЛАҒАН ӘЙЕЛ ҰСТАЛДЫ

Атырауда дүкеншінің телефонын жымқырған әйел анықталды. Ол сауда орнына келген кезде сатушының мүлкін алған көрінеді. Ұялы байланыс құралынан қағылған азаматша полицияға шағымданған. Жедел іздестіру шарасы жүргізіліп, 58 жастағы әйел ұсталды. Оның ұрлық әрекеті бейнебақылау камерасына түсіп қалған.

ЖОЛ-КӨЛІК ОҚИҒАСЫНАН ЕКІ АДАМ КӨЗ ЖҰМДЫ

Қызылорда облысында жол-көлік оқиғасы болып, екі адам қаза тапты. Бұл жағдай Жаңақорған кентіндегі Хорасан ата көшесінде тіркелген. Toyota Hilux пен ВАЗ 2107 маркалы автокөліктерінің соқтығысуы камераға түсіп қалған. Салдарынан екі азамат көз жұмса, тағы екеуі түрлі дене жарақатын алған. Олар ауруханаға жеткізіліп, дәрігерлердің бақылауына алынды. Қазір оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.