433,56 492.25 5.92
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Қарағандыда адам өлтірді деген күдіктілер қолға түсті

  • 185
  • UPD: 14:59, 05.11.2021

Олар қымбат көлікті тізгіндеп, қаладан шығып кетпекші болған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қарағандыдағы жеке үйдің ауласынан екі адамның мәйіті табылып, дереу күдіктілерді іздеу қолға алынды. Полицияның шұғыл шара қолдануының нәтижесінде оқиғаға қатысы болуы мүмкін екі адам қолға түсті.

Әбіл Әбілдин, облыстық полиция департаменті басшысының орынбасары:

– Күдіктілер екі азаматқа пышақ жарақатын салып, қылмыс орнынан Land Cruiser Prado автокөлігін ұрлап кеткен. Бірден «тосқауыл» операциясы жарияланып, күдіктілер ұсталды. Қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

ҚЫЗЫЛОРДАДА КӨЛІКТЕН ЕСІРТКІ МЕН ҚАРУ ТАБЫЛДЫ

Қызылордада көлігінен қару мен есірткі табылған тұрғынға қатысты сотқа дейінгі тергеу шаралары жүріп жатыр. Оны қала көшелерінің бірінде тоқтатқан полиция қызметкері темір тұлпардың артқы орындығында қару барын байқап қалған. Тексеру барысында оның еш жерде тіркелмегені анықталыпты. Дереу тергеу тобы шақырылып, қарумен қоса 17 патрон және газет қиындысына оралған есірткі заты тәркіленді. Қазір осы дерекке қатысты қылмыстық кодекстің бірнеше бабы бойынша іс жүргізіліп жатыр.

ЖАЗАТАЙЫМ ЖАҒДАЙ: 47 ЖАСТАҒЫ ӘЙЕЛ КӨЛІГІМЕН АДАМ БАСЫП КЕТТІ

Петропавл қаласында техникалық қызмет көрсету орталығында жазатайым жағдай болды. Мұнда көлігін жөндеткен 47 жастағы әйел жүргізуші абайсызда шеберді басып кетті. Қатты соққыдан қабырғаға қысылып қалған жігіт түрлі дене жарақаттарын алып, шұғыл түрде ауруханаға жеткізілді. Науқас көп қан жоғалтып, дәрігерлер оның аяғын кесіп тастауға мәжбүр болды. Оқыс оқиғаға байланысты тергеу басталды.

 АТЫРАУДА ҚОЙМАДАН ТЕМІР ҰРЛАҒАН ЖІГІТТІҢ ІСІ ӘШКЕРЕ БОЛДЫ

Атыраудағы металл қабылдау орындарының бірінен ұрланған темірлер табылды. Тергеп-тексеру жұмыстары кезінде оны 30 жастағы қала тұрғынының әкелгені белгілі болды. Ол темірді облыс орталығындағы қоймалардың бірінен ұрлап, 60 мың теңгеге өткізген көрінеді. Күдікті учаскелік инспекторлардың қоғамдық көмекшілерімен бірге өткізген шарасы кезінде қолға түсті. Қазір қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізіліп жатыр.

ҚҰМДЫ ДАУЫЛДА ЖОЛДА ҚАЛҒАНДАР ҚҰТҚАРЫЛДЫ

Түркістан облысында құмды дауыл соғып, Берген-Қаражантақ тас жолында көлік қозғалысы қиындады. Жолда қалған жолаушыларды құтқаруға төтенше жағдайлар, өрт сөндіру қызметі және коммуналдық мекеме жұмысшылары тартылды. Дауыл салдарынан айналаны көру мүмкіндігі төмендеген соң жолда көлік кептелісі туындаған. Жедел жеткен құтқарушылар 38 ересек адам мен 4 баланы тұрғылықты жерлеріне апарды. Ал Қаражантақ, Саналы, Бөген, Төрткүл ауылдарында құм мен шаңнан болған қолайсыздықтарды қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді.

Хабар 24 телеарнасы