Түркістан облысында дауылдан 51 елді мекен жарықсыз қалды

Түркістан облысындағы алапат дауыл бүгін де басылмай тұр. Салдарынан 51 елді мекеннің 26 мыңдай тұтынушысы жарықсыз қалды.

Абырой болғанда адамдар аман. Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, топырақ аралас жел әсіресе Бәйдібек ауданындағы ауылдарға зиян келтірген. Сондай-ақ, табиғаттың тосын мінезінен Арыс қаласы мен Сайрам, Отырар, Ордабасы аудандарында үйлердің шатыры желге ұшты. Электр желілері үзіліп, істен шықты. Бүгінде жарыққа жауапты мекеменің 25 бригадасы қалпына келтіру жұмыстарына тартылды. 80-нен астам құтқарушы мен 22 бірлік техника жұмылдырылды. Қатты дауыл әлі де жалғасады деген болжам бар.

Ерік Сарыбасов, облыстық ТЖД бастығының орынбасары: 

- Енді «Қазгидромедтің» беріп отырған мәліметіне сәйкес, дауылды жел бүгін де сақталады. Кей жерлерде дауылды жел тұруы мүмкін. Осыған байланысты бүкіл облыс, аудан-қалаларда әкімдік тарапынан шұғыл штабтар құрылып, барлық қызметкер күшейтілген қызмет түріне көшірілді.