Ақтаудағы жарылыс кезінде ғимаратта ешкім болмаған   

Алайда нысан түгел қираған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мамандардың айтуынша, жарылыс газдың жылыстауынан шыққан болуы мүмкін. Оқиға орнынан екі газ баллоны табылды. кешен басшысы, үйінділердің астында тағы 50 литрлік екі газ баллоны барын айтқан. Екі қабатты бұл ғимараттың ішінде бірнеше нысан, яғни асхана, техникалық қызмет көрсету станциясы, тігін цехы және қойма болған. Жарылыс болған сәтте ғимарат жанында 11 автокөлік тұрған екен. Бұл автомобильдердің бәрі қираған. Әйтеуір көлік ішінде болғандардың ешқайсы зардап шекпеген. Жол полициясының қызметкерлері арнайы техниканың көмегімен үш техниканы алып шықты. Қалған көліктердің иесі анықталып жатыр.

Естеріңізге сала кетейік, кеше Ақтауда кешкі сағат 21.00 шамасында 29 А шағынауданындағы «Шерқала» кешенінде орналасқан екі қабатты дәмханада жарылыс болған еді. Апат болған аумақта 20 шақты техника мен 50-ге тарта маман жұмыс істеген.

Бекболат Әбдіқадыров, Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары:

– Үйінділердің  астында тағы бірнеше газ баллоны жатыр. Нысан иесінің сөзіне сенсек, олардың сыйымдылығы 50 литр және одан да көп болуы мүмкін. Жалпы бұл жерде газ баллонын қолдануға рұқсат жоқ. Елімізде ресми жарияланған мораторий бар. Сондықтан шағын және орта кәсіпкерлік нысандарын біз рұқсатсыз барып тексере алмаймыз. Ауруханаға түскен адамдар жайлы да ешқандай ақпарат жоқ.