Ақтауда жарылыстан соң үйінділерді тазалау жұмыстары жүріп жатыр 

Жарылыстан бүлінген 2 қабатты Шерқала кешенін тазарту жұмыстары әлі жалғасып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жарылыстан 200 шаршы метр аумаққа зиян келген. Абырой болғанда адам шығыны жоқ.

Талғат Исламұлы, тілші:

– Қазір қираған дәмхана маңына жақындауға рұқсат жоқ. Ұлттық ұлан сарбаздары мен полиция ешкімді кіргізбейді. Үйінділерді аршу жұмыстары түнімен жүргізілді. Қоқыстар Баянды елді мекенінен 30 шақырым жердегі полигонға тасылып жатыр. Кинологтар да осы маңда жүр. Зардап шеккендер жайлы ешқандай ресми ақпарат жоқ. Кешелі бері ауруханаларға көмек сұрап барған адам да жоқ. Белгілісі өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Нұрсейіт Оразов, Ақтау қалалық полиция басқармасы басшының міндетін атқарушы:

– Осы оқиғаға орай әлеуметтік желіде таралған видеоларда көргендей, осы жолдан өтіп бара жатқан немесе тұрған автокөліктердегі адамдар арасынан жарақат алғандар тіркелген жоқ. Маңғыстау облыстық ауруханасына да зардап шеккендер түскен жоқ. Кешен маңында тұрған 11 көлік жарылыс толқынынан зақымданған. Қазір олар арнайы тұраққа қойылды. Оқиға бойынша ҚР қылмыстық кодексінің 292 бабымен қылмыстық іс қозғалды. Бұл деректер бойынша арнайы тергеу тобы құрылып, тергеу амалдары жүргізілуде.

Айта кетейік, апат орнында 11 арнайы техника мен 70 құтқарушы жұмыс істеп жатыр. Үйінділерді аршу әлі де аяқталған жоқ.