Алматыда тұрғын үйдегі өрттен бір адам қаза тапты

Алматыда тұрғын үйде шыққан өрттен бір адам мерт болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Өрт туралы ақпарат төтенше жағдайлар департаментіне 8 қараша күні таңғы сағат 06:41 кезінде түскен. Өрт сөндрушілер Бостандық ауданы «Қазақфильм» шағын ауданындағы мекенжайға жоғары дәрежедегі шақыртуға шықты. Өрт сөндірушілер келген кезде бес қабатты үйдің бірінші қабатының баспалдағын қою қара түтін басқан.

Тұрғындардың басым бөлігі пәтерінен сыртқа шығып үлгірген. Ал өртке оранған пәтерге газ-түтіннен қорғау қызметінің мамандары құтқару құралдарының көмегімен темір торды бұзып, ас үйде қамалып қалған 75 жастағы үй иесін шығарды. Әжесі екі немересін қауіпсіз жерге шығарып үлгірген. Барлау кезінде үш бөлмелі пәтердің бірінде ер адамның бар екені туралы айтылды. Іздестіру-құтқару жұмыстары барысында жанып жатқан бөлменің ішінен 1977 жылы туған ер адамның мәйіті табылды. Зардап шеккендер жедел жәрдем бригадасына тапсырылды. Өртті сөндіруге 30 қызметкер, 6 техника жұмылдырылды. Өрт қуаттап қойған электросамокаттан шығуы мүмкін деген болжам бар.