Ресейде тіркелген бір ғана көлік 184 рет жол ережесін бұзған

Алматы облысында жүрген бұл автомобильдің айыппұлы 6 миллион теңгеге жуықтаған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алматы облысында Ресейде тіркелген Ваз-2114 маркалы көлікпен 184 рет әкімшілік құқықбұзушылық жасалған. Жол сақшылары аталған автокөлікті анықтап Қаскелең қаласының арнайы автотұрағына қойды. Ал оның жүргізушісі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жалпы өңірде орнатылған автоматты режимде жұмыс істейтін бақылау-өлшеу техникалық құралдары мен аспаптарымен уақытша тіркеуі және сақтандыру міндеттемелері жоқ өзге мемлекеттердің нөмірімен жүрген 92 автокөлік тіркелген. Бұл көліктерге қатысты жалпы көлемі 42 миллионнан астам айыппұл салынған.

САСЫҚКӨЛДЕ БАЛЫҚШЫ СУҒА КЕТІП МЕРТ БОЛДЫ

Шығыс Қазақстан облысында Сасықкөл көлінде 23 жастағы жігіт суға кетіп қаза тапты. Қайғылы оқиға Үржар ауданында тіркелді. Марқұм үйінен қайықпен балық аулаймын деп шығып қайтып оралмаған. Оны іздеу жұмыстарына полиция мен құтқарушылар жұмылдырылды. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, бірнеше күн іздеу шараларынан кейін жағадан бір шақырымдай жерде қайықтың бөлшектері табыған. Ал келесі күні балықшының мәйіті шығарылды.

ЛОМБАРД ТОНАҒАН КҮДІКТІ ҚОЛҒА ТҮСТІ

Алматы облысында ірі көлемде бағалы зергерлік бұйымдарды ұрлаған адам ұсталды. Ол ломбардты тонап, ішінен жалпы құны 40 миллион теңгенің әшекей заттарын алып кеткен. Жедел іздестіру жүргізіліп, 36 жастағы күдікті анықтады. Ол Екібастұз қаласының тұрғыны болып шықты. Ол із жасыру үшін жалдамалы пәтерлерді паналап, мекенжайын үнемі ауыстырып отырған. Оны арнайы жасақ қолға түсіріп, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, күдікті кінәсін мойындап, ұрлықты қалай жасағанын айтып берген. Ол дабыл белгісін өшіріп, қабырғаны арнайы құрылғымен бұзған. Ал ұрлаған заттарды сатып, ақшасына қымбат көлік сатып алған көрінеді.