Қостанай облысында полицей мен прокурор заң бұзған

Құқық қорғау орган өкілдері мемлекеттік нөмірі бірдей екі түрлі көлікті тізгіндеген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл жәйт әлеуметтік желіде тараған бейнероликте расталды. Сарыкөл аудандық полиция басқармасының бастығы мен жергілікті прокурор жалған нөмір тағып алып, қызметтік көлікті жеке мақсатта пайдаланған. Тәртіп сақшысы өзінің заңсыз әрекетін мойындаған жоқ. Дегенмен мемлекеттік қызметшінің Ар-намыс кодексін бұзғаны үшін қатаң сөгіс алды. Кейін орнын босатуға мәжбүр болды. Ал құзырлы орган өкіліне қандай жаза қолданатыны белгісіз. Оған қатысты қызметтік тергеу шаралары әлі аяқталған жоқ.

Қуаныш Дүйсебаев, Облыстық ПД кадр жөніндегі басқарма бастығының орынбасары:

– Әлеуметтік желіде тараған бейнеролик жан-жақты зерттелді. Енді Қайрат Әбдіхалықовқа қатысты процессуалды шешім шығару үшін материалды жергілікті полиция қызметі басқармасына жолдадық. Бұдан кейін Сарыкөл аудандық полиция басқармасының бастығы қызметтен босату туралы баянат жазды.