Оралда жүргізуші куәлігіне емтихан тапсырған курсант жол белгілерін қиратып өтті

Оралда жүргізуші куәлігін алу үшін емтихан тапсырған курсант автодромдағы жол белгілерін қиратып  өткен.

Көлік рулінде болған жас қыз газ бен тежегішті шатыстырып алғанын айтады. Енді ол көлікті өз есебінен жөндетуі тиіс. Емтихан қабылдау жүйесі толықтай автоматтандырылған. Сынақтан өту кезінде курсанттар көлікте жалғыз болады. Ал автодром аумағы арнайы хабар бергіш аппараттармен және бейнекамералармен жабдықталған.

Айта кетерлігі, жыл басынан бері мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында көлік соғудың 20 фактісі тіркелген. Сондықтан емтихан тапсырушылар тест сынағына барынша дайындалып келгені жөн, дейді мамандар.

Шығыс Қазақстан облысында 18 жастағы жігіт заңсыз қару сақтаған

Оқиға Жаңа Шүлбі ауылында тіркелді. Ол тапаншаны гаражда жасырған. Травмат қаруды полицейлер жедел алдын алу шарасы кезінде тапты. Сараптама қорытындысына сәйкес, 9 мм калибрлі тапанша оқ атуға жарамды болып шықты. Тергеу кезінде ол жазғы ас үйді жинап жүріп шатырынан тауып алғандығын айтқан. Кейін ошаққа жасырған. Ал полицияға жауапкершіліктен қорыққандықтан хабарламағандығын айтып түсіндірген. Қазір аталған дерекке қатысты қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр. Енді ол екі жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Атырауда есірткі затын дайындап сатумен айналысқан күдікті ұсталды

27 жастағы азамат синтетикалық есірткі дозаларын жалдамалы пәтерде дайындаған.  Полиция департаментінің мәліметінше тінту кезінде сатуға арналған түрлі құрал-жабдық табылды. Сондай-ақ, 300 грамм есірткі заты тәркіленген. Қазір аталған дерекке қатысты қылмыстық іс қозғалды. Айта кету керек, жыл басынан бері Атырау облысында заңсыз айналымнан 1 келі 700 грамм есірткі заты алынған.

Қарағандыда жүк көлігі кесірінен мыңдаған тұрғын жылусыз қалды

Қарағандыда жүк көлігі жылу магистраліне соғып, мыңдаған тұрғын жылусыз қалды. КамАЗ көлігі жылу құбырын қиратып, салдарынан ыстық су далаға кетті. Абырой болғанда, жедел жөндеу жұмыстары жүргізіліп жағдай тұрақталды. Әлеуметтік желіде тұрғындар мұндай жағдайдың алғаш рет болып отырмағандығын жарыса жазып жатыр. Олардың айтуынша, мұнда ешқандай ескерту белгілері қойылмаған.