Қарағанды облысында бір күнде 858 жол ережесін бұзу дерегі тіркелді

Тәртіп сақшылары оларды «Қауіпсіз жол» жедел алдын алу шарасы аясында анықтады, деп хабарлайды «Хабар 24»  ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

8 қарашада басталған «Қауіпсіз жол» жедел алдын алу шарасы 17 қарашаға дейін жалғасады. Жол-көлік оқиғаларын азайту және жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзушылықтарды анықтау мақсатында өтіп жатқан шара барысында автожолдардың 246 шақырым апатты-қауіпті учаскелері тексерілді. Іс-шара аясында тек бір күнде 900-ге жуық жол ережесін бұзу дерегі анықталды.

«Оның ішінде қауіпсіздік белдіктерін пайдалану ережелерін бұзғаны үшін 76 жүргізуші, телефонды пайдаланғаны үшін 40, мас күйінде көлік құралын басқарғаны үшін 6 жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жаяу жүргіншілер тарапынан 87 бұзушылыққа жол берілген», - деп хабарлады Қарағанды облысының Полиция департаменті.