Алматыда автобус жүргізуге рұқсаты жоқ бірнеше адам қоғамдық көлікті тізгіндеп келген

Қалалық тәртіп сақшылары жүргізген рейд барысында тиісті санаты жоқ 3 автобус жүргізушісі анықталды, деп хабарлайды «Хабар 24» Қазақпарат-қа сілтеме жасап.

Бүгінде ереже бұзушылардың көлігі айып тұрағына қойылды. Полиция департаментінің мәліметінше, рұқсат етілмеген адамдардың жолаушы тасымалдауына жол берген автокәсіпорын басшыларына да қатаң жаза қолданылмақ.

«Алматының Бостандық ауданында жүргізген рейдте бір сағатқа жетпес уақытта тиісті санаты жоқ және қоғамдық көлікті басқару құқығы жоқ үш автобус жүргізушісі анықталды. Олардың қоғамдық көліктері айыппұл тұрағына қойылды. Рұқсат етілмеген адамдардың жолаушы тасымалдауына жол берген автокәсіпорын басшыларына қатысты да әкімшілік шаралар қолданылды»,- деді Алматы қалалық ПД Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Нұрлан Аманбек.

Жүргізушілер ҚР ҚК Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы 612-бабы, яғни құжаттары жоқ және басқару құқығы жоқ адамның көлiк құралын басқаруы дерегімен жауапқа тартылды.