Павлодар облысында екі көлік соқтығысты: көз жұмғандар бар

Павлодар облысында көктайғақ салдарынан екі көлік соқтығысып, екі адам көз жұмды, деп хабарлайды Polisia.kz.

14 қарашада сағат 10:40 шамасында Павлодар-Успенка-РФ шекарасы автожолының 72 шақырымында ВАЗ-21074 маркалы автокөлігінің 70 жастағы жүргізушісі көктайғақ жағдайында қауіпсіз қозғалыс жылдамдығын таңдамай, Volkswagen Passat автокөлігімен соқтығысты.

– Жол-көлік оқиғасының салдарынан ВАЗ-21074 автокөлігінің жүргізушісі мен 70 жастағы жолаушысы оқиға орнында қаза тапты. Volkswagen Passat автокөлігінің 49 жастағы жүргізушісі мен 19 жастағы жолаушысы жарақатпен ауруханаға жеткізілді, – деп хабарлады Павлодар облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Аталған факті бойынша ҚР ҚК 345-бабы 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Автокөліктер арнайы айып тұрағына қойылды.

Полиция аталған жол-көлік оқиғасы себептерінің бірі «Қазақавтожол» ЖШС ұйымының қарды тазалау бойынша жұмысты тиісті ұйымдастырмауынан болуы мүмкін екенін атап өтті. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру шеңберінде осы автожолға қызмет көрсететін ұйымды жауапкершілікке тарту мәселесі де қаралуда.