Нұр-Сұлтанда 22 жастағы жігіт миллион теңгелік кабельді ұрлады

Нұр-Сұлтан қаласында тұратын 22 жастағы азамат түн жарымында өзі еңбек ететін құрылыс алаңына еш кедергісіз кіріп, мыс кабельді ұрлап кеткен. Келтірілген шығын көлемі шамамен 1 миллион теңгеден асады. Жедел іздестіру барысында күдікті көп ұзамай қолға түсті.

Халықаралық іздеуде жүргендер ұсталды

Қызылордалық тәртіп сақшылары халықаралық іздеуде жүрген екі күдіктіні ұстады. Тергеуден бой тасалаған қылмыскерлер Алматы қаласында жалдамалы пәтерде тұрған.  Оларға қару қолданып, бұзақылық жасады және кісі өлтіруге оқталды деген айып тағылды. Қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр.

Пара ұсынған жүргізуші жауапқа тартылады

Орал қаласында жол сақшыларына 100 мың теңге пара ұсынған жүргізуші қамауға алынды. Полиция қызметкерлері көшеде күдікті көлікті тоқтатып, 37 жастағы азаматтың ішімдік ішкенін бірден байқайды. Осылайша хаттама толтырмақ болғанда, ол пара ұсынған. Тәртіп сақшыларының ескертуіне қарамастан ақшаны көлік ішіне тастай салады. Кейін белгілі болғандай, ол азамат бұған дейін мас күйінде ұсталып, жүргізуші куәлігінен айырылған екен.

Алматы облысында 89 келі балық тәркіленді 

Алматы облысында 61 жастағы браконьер ұсталды. Еңбекшіқазақ ауданының тұрғыны Қапшағай су қоймасынан 89 келі балықты заңсыз аулаған. Енді тәркіленген балықтың барлығы қабылдау орнына тапсырылып, одан түскен ақша мемлекет қазынасына аударылмақ. 

Өскеменде гараждағы көлік өртеніп кетті 

Өскемен қаласында гаражда тұрған көлік түгел жанып кетті. Өрт сөндірушілер жеткенше қызыл жалын күш алып, 60 шаршы метр аумақты шарпыған. Айтуларынша, әуелі гараждың есігі тұтанған. Қазір өрттің шығу себебі анықталып жатыр.