Павлодар облысында жанар-жағармай тиеген көлік апатқа ұшырады

Нұр-Сұлтан қаласынан ШҚО-на бағыт алған, 38000 литр дизель отыны құйылған бензовоз цистернасымен жолдың шетіне аударылып кетті, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz.

Павлодар облысы төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, кеше яғни 15 қараша күні сағат 22:08-де «101» пультіне Қызылорда-Павлодар тас жолында жол-көлік оқиғасы орын алғаны туралы хабар келіп түскен. 

- Ақсу ауданы Береке ауылының маңында цистернасы бар Ақмола өңірінің «Mercedes-Benz Actros» автокөлігі жолда ірі қара малды қағып кеткен. Оқыс оқиға салдарынан Нұр-Сұлтан қаласынан ШҚО-на 38000 литр дизель отынын апара жатқан бензовоз цистернасымен  жолдың шетіне аударылып кетті. 150 шаршы метр алаңға дизель отыны төгілді. Жүргізуші зардап шеккен жоқ, - дейді Қалқаман кентінің азаматтық қорғау капитаны, 13 өрт сөндіру бекетінің бастығы Бақберді Қағабаев.

Бензовоздың жүргізуші 1982 жылы туған ер адам. Ол алапат жарылыстың алдын алып, бірден моторды сөндіріп, көлігін аккумулятордан айырған.  

- Оқыс оқиға орнына Қалқаман кентінің өрт сөндіру бекетінің 3 адам және 1 бірлік техникасы жұмылдырылды. Олар төгілген жанар-жағармайға арнайы көбік шашып, сол арқылы дизельдің одан әрі төгілуін жойып, бензовоздың жарылысының алдын алды. Жүргізуші мен өрт сөндірушілердің жедел және үйлесімді әрекеттері тас жолдағы төтенше жағдайдың алдын алды, - деді Бақберді Қағабаев.

Оқиға орнына Павлодар облысы ТЖД жеке құрамының 8 адамы, «102» қызметі шықты. Сондай-ақ Қалқаман, Ленин кенттері мен Ақсу, Екібастұз қалаларынан қалған отынды тартып шығару және цистернаны көтеру үшін 6 бірлік техника жұмылдырылды.