СҚО-да заңсыз елік атқандар ұсталды

Елік атқан браконьерлер қолға түсті, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Солтүстік Қазақстан аумағында аң қорғаушылар мен полицейлер күдік тудырған көлікті оқ атып, зорға тоқтатқан. Өңірде заңсыз аң аулаған төрт броконьер ұсталды. Табиғатты қорғау инспекторлары мен тәртіп сақшылары Кеңес ауылының тұсында күдікті көлікті байқап қалып, тоқтатады. Алайда жүргізуші бұйрыққа бағынбай, қаша жөнелген. Полиция қызметкерлері мылтықтан оқ атып, ескерту жасаған соң ғана тоқтайды. Тінту кезінде көліктен еліктің еті мен аңшы мылтығы табылады. 22 мен 32 жас аралығындағы азаматтардың барлығы Ақмола облысының тұрғындары.

ЖОЛ АПАТЫНАН БІР АДАМ ҚАЗА ТАПТЫ

Қарағанды мен Саран қаласының арасындағы күрежолда жұмысшылар автобусы мен жеңіл көлік соқтығысып, бір адам мерт болды.

Алдын ала жасалған болжам бойынша Nissan көлігі жолдың қарсы бетіне шығып кеткен. 33 жастағы жүргізуші оқиға орнында көз жұмды. Ал автобус жолаушылары зардап шеккен жоқ.

ЖАНАР-ЖАҒАР МАЙ ТӨГІЛДІ

Қызылорда-Павлодар тас жолында жанар-жағар май таситын жүк көлігі ірі қараға соқтығып, аударылып қалған. Елордаға бет алған көлікте 38 тонна дизель отыны болыпты. Соның біразы 150 шаршы метр жерге төгілді. Абырой болғанда жүргізуші зардап шеккен жоқ. Көлікті бірден аккумулятордан ағытып, жарылыстың алдын алған. Жедел жеткен өрт сөндірушілер жанар-жағар майдың төгілуін тоқтатты.

ӨСКЕМЕНДЕ ҚОЙМА ӨРТЕНДІ

Өскемен қаласындағы жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің біріне тиесілі қойма жанып кетті. Өрт сөндірушілер жеткенше қызыл жалын күшейіп, 290 шаршы метр аумақты шарпыған. Ішіндегі қондырғылар өртке оранды. Қазір өрттің шығу себебі мен тілсіз жаудан келген шығын көлемі есептеліп жатыр.

КӨПІРДЕН СЕКІРМЕК БОЛҒАН ҚЫЗДЫ ҚҰТҚАРДЫ

Тараз қаласында көпірден секірмек болған қыз баланы полиция қызметкерлері құтқарып қалды. Түнгі үштер шамасында жедел басқару орталығына хабарлама түскен. Дер кезінде жеткен тәртіп сақшылары көпірде тұрған 22 жастағы бойжеткенмен жылы сөйлесіп, райынан қайтарды. Ол өзінің күйзелісте жүргенін айтқан. Қазір психологтар жұмыс істеп жатыр.